(Қазақша) «Таза аула» ауқымды экологиялық акциясы өтті

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза аула» атты ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылып, кең көлемде өткізілді.
Аталған акция өңірдің барлық елді мекендерін қамтып, нәтижесінде 147 аула тазартылды. Іс-шараға барлығы 12 266 адам белсенді түрде қатысып, олардың күшімен 100 тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.
Тазалық шарасына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдарының мүшелері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар жұмыла атсалысты. Акция барысында аулалардағы қоқыстар жиналып қана қоймай, олардың айналасы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді. Нәтижесінде көптеген аумақтар жаңарып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптасты.
Жалпы, жыл басынан бері ұйымдастырылған тазалық шараларына 46 934 ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының қызметкерлері мен түрлі кәсіпорын өкілдері белсенді қатысқан. Осы уақыт ішінде 1067 тоннадан астам қоқыс қалдықтары жиналып, 156 сквер мен парк, 225 тарихи-мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан, 407 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 8 су айдыны мен 843 көше бойы тазартылды. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін 248 арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделген 27 450 түп қарағаш, терек, Сыр талы және басқа да көшеттер отырғызылып, жасыл аймақтар көлемі ұлғайтылды. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және ауаның сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Акция аясында аудандарда да бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Арал ауданына қарасты «Келешек мектебінде» өткен “Жасыл мұра” акциясы барысында мектеп түлектері оқу орнының ауласына 100-ден астам тал көшетін отырғызды. Бұл бастама оқушылар мен ұстаздардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өз үлесін қосты.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде тазалық сақтау, елді мекендерді көркейту және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Демеушілер мен бюджет қаражаты есебінен демалыс орындары, балалар ойын алаңдары және спорттық нысандар жаңартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымдар жөндеуден өткізілді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.
Қызылорда қаласында орталық алаң, мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңартылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Президент саябағы жаңадан салынып, бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді.
Ауылдық елді мекендерде «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып, соңғы үш жыл ішінде 2 млрд теңгеден астам қаржыға сатып алынған 67 арнайы техника ел игілігіне табысталды. Бұл техника санитарлық тазалық жұмыстарын тиімді әрі жедел жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Қалдықтарды басқару саласында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Жалпы құны 98,7 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені іске қосылуға дайын болса, Сырдария ауданында жаңа полигон пайдалануға берілді. Бұл бастамалар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.



