(Қазақша) Өңірлік жастар форумы Жезқазған қаласында жоғары деңгейде өтті.

Іс-шара Ұлытау облысы әкімдігі қолдауымен және Ауыл партиясы өңірлік филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
«Цифрландыру және жасанды интеллект» тақырыбын арқау еткен форумға облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жастар қатысып, заманауи технологиялар мен болашақ мамандықтар туралы кеңінен ақпарат алды.
Форум бағдарламасына сәйкес секциялық жұмыстар барысында IT және жасанды интеллект бағыттары бойынша білікті сала мамандары мазмұнды дәрістер өткізді. Сонымен қатар, ауыл жастары Алғыс хаттармен марапатталып, партия қатарына жаңадан қабылданған жастарға партиялық билеттер мен төсбелгілер табысталды.
Атап айтқанда, Мереке Батырбековна «Ауыл жастарының кешегі, бүгіні, ертеңі» тақырыбында ой қозғап, жастар саясатының маңызын атап өтті. Мавлен Аймы Сәкенқызы жасанды интеллект құралдары арқылы контент жасау жолдарын түсіндірсе, Сәукенов Олжас Азаматұлы киберқауіпсіздік пен кибергигиена мәселелеріне тоқталды.
Интерактивті бөлімде Інжутас ханым жастармен ойын форматында сергіту жаттығуларын өткізіп, қатысушылардың белсенділігін арттырды.
Сонымен қатар, Қаратаев Әлібек Тұрлыбекович жастарға жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерді таныстырып, болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңыздылығы туралы құнды пікірлерімен бөлісті.
Форумның арнайы қонағы, headliner – Мөлдір Әуелбекова жастармен еркін форматта сұхбаттасып, олардың сұрақтарына жауап беріп, тәжірибелік кеңестерімен бөлісті.
Іс-шара барысында қатысушылар үшін қызықты ойындар ұйымдастырылып, интерактивті форматтағы сұрақ-жауап алаңдары өтті. Форум жастарға жаңа серпін беріп, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған маңызды алаңға айналды.



