ӘлемБастыТуризм
Trending

Мардин биенналесі 2026: Көне шаһар әлемдік заманауи өнердің орталығына айналды

Түркия бұрыннан халықаралық мәдени шаралардың ошағы ретінде танымал. Әдетте өнер сүйер қауым Ыстанбұл, Анталия, Измир немесе астана Анкараға ағылатын. Алайда соңғы жылдары бұл үрдіс өзгеріп, елдің өзге де аймақтарының мәдени әлеуеті арта түсті. Соның бір дәлелі — биыл 15 мамыр мен 21 маусым аралығында өтіп жатқан атақты Мардин биенналесі.

Халықаралық биенналелер қауымдастығының (IBA) мүшесі болып табылатын аталған шара алғаш рет 2010 жылы басталған еді. Мақсаты — Оңтүстік-Шығыс Анатолияның інжу-маржаны Мардинді заманауи өнердің жаңа алаңына айналдыру. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған көрме әлемнің 20 елінен келген 40-тан астам суретшінің басын қосып, өнерсүйер қауымға ерекше рухани атмосфера сыйлауда.

Мардин шаһары

Биылғы биенналенің жетекшісі (кураторы) — Түркия мен Еуропаның бірқатар елдерінде ірі көрмелер ұйымдастырған танымал маман Челенк Бафра. Ол биылғы шараға «GÖKzemin» (Аспан-жер) деген ерекше тақырып таңдаған. Көрме қонақтарды аспан мен жер, өткен шақ пен болашақ, жеке тұлға мен ұжымдық сана сияқты қарама-қайшылықтар арасындағы байланысты іздеуге шақырады. Мұнда тек өнер туындылары ғана емес, шеберлік сыныптары, музыкалық қойылымдар мен ашық пікірталастар да ұйымдастырылалды.

Бұл жолғы өнер мерекесінің тағы бір ерекшелігі — ол тек ескі қаламен шектелмей, бүкіл аймаққа қанат жайған. Көрме экспозициялары Дара көне қаласы, Дейрулзафаран монастыры, Атеш Бейлер хамамы және Сақып Сабанжы мұражайы сияқты тарихи орындар мен ашық аспан астындағы қоғамдық кеңістіктерде орналасқан.

Дейрулзафаран монастыры
Дара ежелгі қаласы
Атеш Бейлер хамамы

Жоғарғы Месопотамияның көпқабатты мәдени мұрасын сақтаған Мардин шаһары — нағыз ашық аспан астындағы мұражай. Мұнда мыңдаған жылдық тарихы бар Мардин үлкен мешітіМор Бехнам шіркеуіЗинжирие мен Касымие медреселері мен Мидят ауданындағы Мор Габриэль монастыры сияқты бірегей сәулет ескерткіштері мен мәдени мозаика шоғырланған.

Мор Габриэль монастыры
Мидят, Мардин
«телкари» күміс бұйымдары
«телкари» күміс бұйымдары

Бұл сан түрлі мәдениеттің ізі қаланың асханасынан да анық байқалады. Мұндағы дәстүрлі Мардин таңғы асы, жергілікті дәмдеуіштер қосылған ет тағамдары, соның ішінде «сембусек» (етпен толтырылған бәліш) және Мардиннің атақты «ичли көфтесі» (қайнатылғаны «икбебет», қуырылғаны «ирок» деп аталады) кез келген гурманның таңдайын қақтырады. Бұл тағамдардың дәмін ежелгі сириялық шіркеу шараптарымен ерекшелей түсуге болады.

Мардин асханасы

Саяхатшыларға пайдалы кеңестер:

Қалай жетуге болады? Мардинге Ыстанбұл, Анкара, Измир және Анталия қалаларынан тікелей ұшақпен ұшуға болады. Мысалы, Ыстанбұлдан ұшу уақыты небәрі 2 сағатты алады. Әуежайдан қала орталығына таксимен немесе жалға берілетін көлікпен оңай жетуге болады.

Қайда тоқтаған жөн? Қалада заманауи қонақ үйлер де, шағын пансионаттар да жеткілікті. Бірақ өңірдің нағыз тынысын сезіну үшін Ескі қаладағы қалпына келтірілген тарихи тас үйлерде түнеген абзал.

Не көру керек? Негізгі тарихи ескерткіштерден бөлек, қала сәулетінің басты ерекшелігі саналатын «аббараларды» (көшелердің астынан өтетін күмбезді аркалы өткелдерді) міндетті түрде тамашалаңыз.

Неден дәм тату керек? Астан кейін жергілікті қонақжайлылықтың символы саналатын, арнайы тас келіде түйілген қою «дибек» кофесіне тапсырыс беріңіз.

Сыйлыққа не алуға болады? Лахор ағашының табиғи бояуымен көк түске боялған бадам кәмпиттері, «телкари» техникасымен жасалған күміс бұйымдар, қолдан жасалған тасбихтар, сириялық шараптар және тері күтіміне пайдалы дәстүрлі «быттым» сабыны — Мардиннен әкелетін ең таптырмас кәдесыйлар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button