Новости

(Қазақша) ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА «ОТБАСЫ. ҚОЛДАУ. ТЕҢ МҮМКІНДІК» АТТЫ ІРГЕЛІ АКЦИЯ ӨТТІ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін жаңғырту, инклюзивті қоғам қалыптастыру және әлеуметтік тең мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде Ұлытау облысында әлеуметтік маңызы жоғары іс-шаралар кешені тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы. Қолдау. Тең мүмкіндік» атты ауқымды мерекелік-әдістемелік акция ұйымдастырылды.

Іс-шараны Ұлытау облысының білім басқармасы мен Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бірлесе өткізді. Аталған акцияның негізгі мақсаты — ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуметтенуіне жағдай жасау, олардың әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларын дамыту, сондай-ақ инклюзивті білім беру кеңістігін кеңейту және отбасы мен бала арасындағы психоэмоционалдық байланысты нығайту болып табылады. Сонымен қатар, қоғамда кемсітушіліксіз, тең мүмкіндікке негізделген орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Мерекелік шараның ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттық корпус мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен сала мамандары қатысты. Қонақтар балалар мен ата-аналарға жылы лебіздерін білдіріп, инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларының маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, Ұлытау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Жақыпбекұлы Туребеков, Ұлытау облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Гүлмира Алпысбайқызы Жаппасова, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты («Ауыл» партиясы) Гүлназ Шынтөреқызы Омарова және «Жігер» спорт кешенінің басшысы Дархан Бөлегенұлы Айтуар құттықтау сөз сөйлеп, балалардың дамуына қолайлы орта қалыптастыру — ортақ міндет екенін жеткізді.

Акция аясында орталық тәрбиеленушілері ата-аналарымен бірге арнайы дайындалған инклюзивті спорттық эстафеталық ойындарға қатысты. Бұл кезең балалардың физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың командада жұмыс істеу, өзара түсіністік пен сенім дағдыларын дамытуға ықпал етті. Қатысушылар жарыс барысында жоғары ынта мен ұйымшылдық танытып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, шығармашылық бағыттағы бөлімде балалар мен ата-аналар бірлесіп арт-терапиялық сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау және түрлі шеберлік сыныптарына қатысты. Бұл жұмыстар отбасы мүшелерінің эмоционалдық байланысын күшейтіп, балалардың шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді. Әрбір қатысушыға ынталандыру сыйлықтары мен арнайы марапаттар табысталып, олардың белсенділігі жоғары бағаланды.

Ұлытау облысының білім басқармасы өкілдері атап өткендей, Мемлекет басшысының білім беру саласындағы тапсырмаларын орындау аясында әрбір баланың сапалы білім мен тәрбие алуына, қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау басты басымдық болып табылады. Бұл тұрғыда инклюзивті білім беру жүйесін дамыту тек педагогикалық міндет қана емес, сонымен қатар қоғамдық жауапкершіліктің маңызды бөлігі екені айтылды.

Мамандардың пікірінше, мұндай іс-шаралар ата-аналар мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға, балалардың әлеуетін ашуға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге ықпал етеді.

Ұлытау облысында инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, тәжірибелік сабақтар мен әлеуметтік жобалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button