Новости

(Қазақша) ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

2026 жылғы 18 мамырда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Су айдындарындағы қауіпсіздік және шомылу маусымына дайындық» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингке Ұлытау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбілқасымов Арман Мұхамеджанұлы, Ұлытау облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы, техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жуматова Гульмира Кабашовна және Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Қарақойшы Мұрат Мағауияұлы қатысты.

Брифинг барысында өңірдегі су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балалар мен жасөспірімдер арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу және 2026 жылғы шомылу маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Спикерлердің мәліметінше, Ұлытау облысында 2026 жылғы шомылу маусымы 1 мамырдан басталды. Осыған байланысты облыс әкімінің 2026 жылғы 9 сәуірдегі №28 өкімімен «2026 жылғы шомылу маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілген.

Қазіргі таңда облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 4 орын белгіленген. Оның ішінде Кеңгір су қоймасы жағалауындағы «Мадагаскар» жеке жағажайы, «Балықшы үйі» және «Горняк» демалыс аймақтары, сондай-ақ байдарка мен каноэде есу бойынша мамандандырылған спорт базасы бар. Аталған орындар санитарлық талаптарға сәйкес жабдықталып, құтқару және медициналық бекеттермен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласы аумағындағы шомылуға тыйым салынған орындардың тізбесі бекітілген. Бұл аумақтарда арнайы қауіпсіздік белгілері орнатылып, тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша 97 қауіпсіздік белгісі қойылған.

Білім басқармасының мәліметінше, судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстармен 26 045 оқушы, 4 986 студент, 2 649 педагог және 1 327 қызметкер қамтылған. Білім беру ұйымдарында сынып сағаттары, интерактивті сабақтар, тәжірибелік жаттығулар, ашық кездесулер және бейнероликтер көрсету ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Жезқазған қаласында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқушылармен кездесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін және төтенше жағдайда әрекет ету тәртібін түсіндірді. Ал Сәтбаев қаласында 27 сәуір мен 8 мамыр аралығында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия, Аналар кеңесі, ювеналдық полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бірлескен профилактикалық кездесулер өткізді.

Брифинг барысында спикерлер ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға жол бермеуге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сондай-ақ, суға мас күйде түсу, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылу және қауіпсіздік талаптарын сақтамау адам өміріне үлкен қауіп төндіретіні атап өтілді. Осыған байланысты шомылу маусымы бойы полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар органдары, педагогтер және ата-аналар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен рейдтік және профилактикалық жұмыстар жалғасатын болады.

Брифинг соңында тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр адамның жеке жауапкершілігі екені ескертіліп, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болатыны айтылды.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button