Кәсіпкер қолдауымен жаңғыртылып жатқан Жезқазған қаласындағы тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекет меншігінде қалады.

Бұл туралы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Ұзақ жылдар бойы бос тұрған нысанды қайта жаңғырту мақсатында 2025 жылғы 21 шілдеде желілерде ресми хабарландыру жарияланып, жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілген. Алайда алғашқы екі апта ішінде жобаға қызығушылық танытқан инвестор болмаған.
Тек 2025 жылғы 8 тамызда «SRT Construction» ЖШС тарапынан жобаға қатысу ниеті туралы ресми хат келіп түскеннен кейін нақты ұйымдастыру және дайындық жұмыстары басталды.
Нәтижесінде «Ұлытау» ӘКК» АҚ мен «SRT Construction» ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалды. Келісімге сәйкес, жоба құнының 15 пайызын инвестор, ал 85 пайызын «Ұлытау» ӘКК» АҚ қаржыландырады. Сонымен қатар, инвесторға 1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті жүктелген.
Шарт талаптарына сай, инвестор мен «Ұлытау» ӘКК» АҚ нысанды 2030 жылға дейін бірлесіп басқарып, қызмет көрсетеді. Бұл кезеңде ғимарат толықтай «Ұлытау» ӘКК» АҚ балансында сақталады.
Ал бес жылдық мерзім аяқталған соң инвестор жоба аясындағы қызметін тоқтатады. Нысанға меншік құқығы өзгеріссіз мемлекет балансында қалады.



