(Қазақша) Түркістан облысында полиция тұрғындарға интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Түркістан облысында азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Осы бағыттағы кезекті шара Сайрам ауданында ұйымдастырылып, халық тығыз қоныстанған бірнеше ауылдық елді мекендерді қамтыды. Аталған ауылдарда жалпы саны шамамен 10 мыңға жуық тұрғын тұрады. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жергілікті халықпен тікелей кездесулер өткізіп, интернет-алаяқтықтың қазіргі таңда кең таралған түрлері мен олардан қорғану тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Полицейлер тұрғындарға интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық схемаларын түсіндіріп, әсіресе азаматтардың жеке деректерін қорғаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Кездесулер кезінде мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу, сондай-ақ бөгде тұлғаларға SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке сәйкестендіру ақпараттарын бермеу қажеттігін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары интернет-алаяқтардың психологиялық қысым жасау, жалған ақпарат тарату және сенімге кіру әдістері туралы да кеңінен айтып өтті. Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе байланыс операторлары ретінде таныстырып, азаматтарды жаңылыстыруға тырысады.
Іс-шара барысында тұрғындарға арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың жалпы саны 2 мыңға жуықтады. Бұл материалдарда интернет-қауіпсіздік ережелері, алаяқтықтан сақтану жолдары және күмәнді жағдай туындаған кезде әрекет ету алгоритмдері көрсетілген.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – халықтың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және азаматтарды қаржылық шығындар мен алаяқтық әрекеттерден қорғау болып табылады.
Түркістан облысының полиция департаменті алдағы уақытта да өңірдің барлық аудандарында осындай ақпараттық-түсіндіру шараларын тұрақты түрде өткізіп, халықпен тығыз байланыс орнату жұмыстарын жалғастыра беретінін атап өтті.



