Новости

(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЕРТЕ ПІСКЕН ҚАУЫН ӨНІМІ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ НАРЫҒЫНА ЭКСПОРТТАЛУДА

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Түркістан облысының Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Аудан диқандары суармалы егістік жерлерді тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, ішкі және сыртқы нарыққа сапалы өнім жеткізуді қамтамасыз етуде.

Биыл Жетісай ауданында жалпы көлемі 79,2 мың гектарды құрайтын суармалы егістік жерлер игерілуде. Оның ішінде 44 мың гектарға мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектар алқапқа бақша дақылдары орналастырылған. Сонымен қатар 7,5 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс дақылдары, ал 6,4 мың гектарға жоңышқа егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл көрсеткіштер ауданның ауыл шаруашылығы құрылымының әртараптандырылғанын және өнім өндірісінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Ағымдағы маусымда Жетісай ауданында егілген бақша дақылдарының ішінде қауын өнімдері ерте пісіп, алғашқы өнімдер нарыққа шығарылуда. Диқандардың айтуынша, биылғы жылы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты кейбір дақылдардың пісу мерзімі сәл ұзарғанымен, жалпы өнім сапасы жоғары деңгейде сақталған.

Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Әл-Фараби» шаруа қожалығы көп жылдан бері егін шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді. Шаруашылықтың иелігінде жалпы көлемі 300 гектар жер бар, оның 260 гектарына мақта дақылы егілсе, 40 гектар аумақта қауын көшеттері отырғызылған. Қожалық жыл сайын тәжірибесін жетілдіріп, заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыруға басымдық беріп отыр.

Шаруашылық төрағасының айтуынша, биыл қауынның «Нұр-Бакинка» сорты егілген. Бұл сорт ерте пісуімен және экспортқа жарамдылығымен ерекшеленеді. Көшеттер ақпан айының соңында отырғызылып, жоспар бойынша 65 күнде пісуі тиіс болғанымен, ауа райының қолайсыздығына, әсіресе жауын-шашынның жиі болуына байланысты пісу мерзімі 80 күнге дейін ұзартылған.

Соған қарамастан, алғашқы өнімдер толықтай пісіп, жинау жұмыстары басталып кетті. Өнімдерге сұраныс жоғары болып отыр, әсіресе Ресей Федерациясының нарығынан қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда алғашқы партиялар Мәскеу қаласына экспортталуда. Шаруалар өнімді делдалсыз, тікелей егістік басынан автокөліктерге тиеп жөнелтуде.

Шаруа қожалығы өнімді 1 келісі үшін орта есеппен 650 теңге бағамен өткізіп отыр. Бұл баға диқандар үшін тиімді болып, еңбек нәтижесін әділ бағалауға мүмкіндік беруде.

– Биыл қауын өніміміз ауа райына байланысты сәл кештеу піскенімен, сапасы жақсы. Сұраныс жоғары. Аудан әкімдігі тарапынан суару жүйелерінің, каналдардың уақытылы тазалануы нәтижесінде ағын су тапшылығы сезілген жоқ. Өнімді тікелей Ресей Федерациясына экспорттап жатырмыз, делдалсыз жұмыс істеу бізге тиімді болып отыр, – дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.

Мамандардың айтуынша, Жетісай ауданының географиялық және климаттық ерекшеліктері бақша дақылдарын өсіруге қолайлы болып табылады. Ерте пісетін өнімдер аймақтың экспорттық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде.

Жалпы алғанда, Жетісай ауданында биыл бақша дақылдары 17,1 мың гектар аумақта егілген болса, оның басым бөлігін қауын (14,2 мың гектар) және қарбыз (3 мың гектар) құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі тұрақты деңгейде сақталып, шамамен 510 мың тоннаға жуық жалпы өнім алынған.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және экспорттық бағыттағы өнім өндірісін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button