(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР МЕН ӨНДІРІСТІК ЗАУЫТТАР АРҚЫЛЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСУДА

Түркістан облысында өңірдің экономикалық дамуын жеделдету, өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, салалық басқарма басшылары, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлар қатысты. Отырыстың күн тәртібінде 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалар қаралып, өңірлердегі инвестициялық ахуал мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері жан-жақты талқыланды.
Жиынды ашқан облыс әкімі инвестициялық жобалардың өңір экономикасын дамытудағы стратегиялық маңызына тоқталып, барлық жауапты тұлғаларға жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Ол әрбір аудан мен қала әкімдігі инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытында белсенді жұмыс жүргізуі тиіс екенін атап өтті.
Отырыста бірқатар ірі және маңызды инвестициялық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылатын өндірістік жоба ұсынылды. Бұл жоба аясында ПВХ құбырларына арналған арматуралар, ленталар, тамшылатып суару жүйесіне арналған құбырлар және тоқылған суару шлангтері өндірілмек. Бұл өнімдер ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Сауран ауданындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бірқатар ірі өндірістік жобалар қаралды. Олардың қатарында «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясының ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру және шығару жобасы, «Lihua Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің карбамид тыңайтқыштары мен мақта майын өндіру бағытындағы зауыттары, сондай-ақ «BAKS Innovations Inc. — CAESG Platform» компаниясының биомассаны терең өңдеу және көміртегін байланыстыруға бағытталған инновациялық кешені бар.
Бұдан бөлек, «Yassy Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің трансформаторларға арналған гофрленген қабырғалар, қақпақтар және магнитөткізгіштер өндіретін жаңа зауыт жобасы таныстырылды. Аталған жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету, инфрақұрылым тарту және инженерлік желілерді жүргізу мәселелері қаралып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын барысында Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы және 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы есептер тыңдалды. Аудан және қала әкімдері өңірлердегі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі инвесторларға өңірге деген сенімі мен белсенді ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, барлық жобалардың жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен қатар жауапты мекемелерге инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Айта кету керек, 2025 жылы Түркістан облысының экономикасына 1,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 121,6 пайыздық өсімді көрсеткен. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Биыл да осы қарқынды сақтау мақсатында өңірге 1,7 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы қол жеткізу көзделуде. Атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне оң әсерін тигізіп, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуде.
Осы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2 пайызды құрап, республика бойынша көшбасшы орынға шықты. Өңірдің даму әлеуетін ескере отырып, 2026–2029 жылдарға жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Бұл жобалар аясында 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 100 млрд теңге көлемінде салық түсімі қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Алдағы кезеңде жоспарланған инвестициялық жобаларды толық жүзеге асыру нәтижесінде өңірдің жалпы ішкі өнімін 2,7 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – Түркістан облысын бәсекеге қабілетті, өнеркәсібі дамыған, инвестиция тартуға қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсіп келе жатқан қуатты өңірге айналдыру.



