Новости

(Қазақша) ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЫНЫ ЫДЫСТАР ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Бүгін Қызылордада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев, қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен «Seven Rivers» компаниясы шыны ыдыстар зауытының капсуласын салу рәсімі өтті.

Бұл – өңірдегі шыны кластерін дамытуға бағытталған маңызды өндірістік бастамалардың бірі. Зауыт әлемдік деңгейдегі «Horn» неміс технологиясымен жабдықталып, заманауи әрі экологиялық талаптарға сай өнім өндіреді.

Рәсімде облыс әкімі аймақта инвестициялық жобалардың қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Өткен аптада Мемлекет басшысының қабылдауында болып, инвестициялық жобаларды таныстырдым. Президентіміз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы облысты басқарған тұста өңір экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн. теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Өткен аптада ғана «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенін аштық. Бүгін испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауытының капсуласын салдық.

Еліміз, өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов бата берді.

Айта кету керек, «Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылып, 60 млрд теңгеге жылына 240 миллион дана шыны ыдыс өндіретін зауыт салу келісілген болатын. Кәсіпорында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Зауытқа барлық инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі бөлінді. Қаржыландыру мәселесі «Өнеркәсіпті дамыту қорының» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында қарастырылуда. Ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару және импортты алмастыру көзделген.

Бұдан бөлек, өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын тиімді пайдалану арқылы шыны өндірісі төңірегінде жаңа ілеспе кәсіпорындарды дамытуға мүмкіндік туады.

Жаңа өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлесін қосады деп күтілуде.

 

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button