Новости

(Қазақша) «Тұтынушы, құқығыңды біл!» тақырыбындағы брифинг өтті

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

2026 жылғы 29 мамыр күні Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Тұтынушы, құқығыңды біл!» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ж.А. Даулетбаев қатысты.

Брифинг барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, азаматтардан келіп түскен өтініштер статистикасы, интернет-саудадағы қауіптер және заңнамалық тетіктер жөнінде кеңінен айтылды.

Спикердің мәліметінше, 2026 жылдың 5 айында Департаментке тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты 111 өтініш түсіп, қаралған. Оның ішінде:

• бөлшек сауда саласы – 70 %;

• тұрмыстық қызметтер – 15 %;

• тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 10 %;

• өзге салалар – 5 %.

Түскен өтініштер бойынша жалпы 36 млн теңгеге талап қойылып, нәтижесінде тұтынушыларға 34 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылған. Бұл көрсеткіш өтініштердің 89,25 пайызы оң шешімін тапқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, өтініштердің басым бөлігі жедел желі мен Telegram-бот арқылы қабылданғаны айтылды. Атап айтқанда:

• жедел желі және Telegram-бот арқылы – 63 өтініш;

• e-Otinish порталы арқылы – 48 өтініш түскен.

Брифингте қазіргі таңда онлайн сауда саласындағы алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткеніне ерекше назар аударылды. Тұтынушылардың интернет арқылы тауар сатып алу кезінде жиі кездесетін мәселелері қатарында:

• тауардың мүлде жеткізілмеуі;

• сапасының сәйкес келмеуі;

• ақшаны қайтарудан бас тарту;

• жалған акциялар мен арзан ұсыныстар;

• жеткізу қызметтерінің дұрыс жұмыс істемеуі аталды.

Спикер азаматтарды интернет-дүкендер арқылы сауда жасағанда сақ болуға, сатушы туралы ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.

Сондай-ақ, тегін қызмет ұсынамыз деген желеумен азаматтарға қымбат тауарларды несиеге рәсімдеу жағдайлары кездесетіні айтылды. Мысал ретінде емдік массажға тегін купон таратып, кейін құны 1 миллион теңгеге жуық массаж құрылғыларын несиеге рәсімдеу деректері келтірілді.

Брифинг барысында тұтынушылардың негізгі құқықтары түсіндіріліп, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының талаптары кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, тұтынушының:

• сапалы және қауіпсіз тауар алуға;

• тауарды айырбастауға немесе қайтаруға;

• келтірілген шығынды өндіруге;

• фото және бейнетүсірілім жасауға;

• чек болмаған жағдайда да өз құқығын қорғауға құқылы екені айтылды.

Спикердің айтуынша, чек болмаған жағдайда да банк түбіртектері, скриншоттар, куәгерлердің айғақтары және өзге де дәлелдер арқылы тұтынушы өз талабын дәлелдей алады.

Сонымен қатар, тұтынушы құқықтары бұзылған жағдайда алдымен сатушыға жазбаша наразылық жолдау қажеттігі түсіндірілді. Егер сатушы 10 күн ішінде жауап бермесе немесе талапты орындаудан бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.

Брифинг соңында азаматтарға құқықтық кеңес алу үшін e-Otinish порталына жүгінуге немесе Жезқазған қаласы, Шевченко көшесі 36, 27-кабинет мекенжайындағы Департаментке келуге болатыны айтылды.

Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарды өз құқықтарын білуге және заң аясында қорғауға шақырады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button