banner
Жаңалықтар

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында жазғы оқу кезеңі басталды

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2026 жылғы жазғы оқу кезеңі басталды. Жаңа оқу кезеңі әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, жауынгерлік әзірлігін арттыруға және қызметтік міндеттерді сапалы орындауға бағытталған.

 

Салтанатты рәсім барысында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, Жауынгерлік Ту көтерілді. Одан кейін жеке құрам сапқа тұрғызылып, жаңа оқу кезеңінде атқарылатын негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалды.

 

Жазғы оқу кезеңінің алғашқы күні қолбасшылық басқармасының офицерлерімен мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағы өткізілді. «Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы» тақырыбындағы алғашқы дәрісті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев жүргізді.

 

Сабақ барысында әскери қызметшілерге Мемлекет басшысының ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қойған талаптары мен әскери қызметтің маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.

 

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Біздің Қарулы Күштеріміз – мемлекетіміздің мызғымас тірегі». Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау. Бұл – әрбір әскери қызметшіге жүктелген үлкен жауапкершілік, – деді генерал-майор Арман Жұмағалиев.

 

Салтанатты жиыннан кейін әскери қызметшілер қару-жарақ пен әскери техниканы қауіпсіз пайдалану, әскери мүлікті дұрыс қолдану және қызмет барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты.

 

Жазғы оқу кезеңі аясында әскери бөлімдерде жауынгерлік, арнайы және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтары жүйелі түрде өткізіліп, жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен жауынгерлік әзірлігі одан әрі жетілдіріледі. Бұл өз кезегінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттерді жоғары деңгейде орындауына мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button