banner
Жаңалықтар

Жезқазғанда шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

2026 жылғы 1 шілдеде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында брифинг өтті.

Спикер ретінде Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерсеитов Аян Байконурович сөз сөйлеп, өңірдегі шомылу маусымының өту барысы, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және тұрғындардың жауапкершілігі туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, Жезқазған қаласының аумағында шомылуға ресми түрде рұқсат етілген төрт орын белгіленген. Олар: байдарка мен каноэде есу бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жағажайы, «Мадагаскар» демалыс аймағы, «Горняк» демалыс аймағы және «Балықшы үйі» («Дом рыбака») демалыс аймағы. Аталған нысандар қажетті рұқсат құжаттарымен қамтамасыз етілген, қауіпсіз шомылу орындары жабдықталған және құтқарушылардың тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған.

Шомылу маусымы басталғанға дейін Жезқазған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы, жедел-құтқару жасағы және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, ресми жағажайлардың акватория түбіне тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша аталған аумақтардың халықтың қауіпсіз демалуына жарамды екендігі расталып, олар пайдалануға берілді.

Брифинг барысында Кеңгір су қоймасы аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстардың жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерінің және еріктілердің қатысуымен апта сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы бақылануда. Сонымен қатар, жедел-құтқару жасағының қызметкерлері күн сайын халық көп жиналатын демалыс орындарын патрульдеп, азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Спикердің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері Жезқазған қаласының аумағында суда адам өліміне байланысты төтенше оқиғалар тіркелмеген.

Халық арасында алдын алу шаралары тұрақты негізде жүзеге асырылуда. Қаланың LED-экрандарында судағы қауіпсіздікке арналған бейнероликтер күн сайын көрсетілуде, балалардың судағы қауіпсіздігі жөніндегі ақпараттық баннерлер орнатылған. Бұдан бөлек, демалыс орындарында қызмет көрсететін кәсіпкерлермен профилактикалық кездесулер өткізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынамалар таратылған.

Брифингте қауіпсіздік белгілеріне қатысты вандализм фактілеріне де ерекше назар аударылды. Кейбір азаматтардың ескерту белгілерін бояп, зақымдап немесе алып кету әрекеттері тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні айтылды. Бұл белгілер қауіпті учаскелер туралы ескерту және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында орнатылатыны ескертілді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзу немесе орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны түсіндірілді. Заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға – 7 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Брифинг соңында спикер қала тұрғындары мен қонақтарын тек ресми рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға, суға мас күйінде түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және ескерту белгілеріне ұқыпты қарауға шақырды.

Төтенше жағдай орын алған жағдайда азаматтарға 101 және 112 бірыңғай шұғыл қызмет нөмірлеріне дереу хабарласу қажеттігі ескертілді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button