(Қазақша) ЮНЕСКО қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық аспаптың мәдени маңызына ерекше тоқталды. Ұйым Қазақстанның күй өнерін сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалайтынын атап өтті.
Қазақтың домбырамен күй орындау өнері 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Содан бері домбыра ЮНЕСКО аясында Қазақстан дипломаттары ұйымдастыратын түрлі мәдени іс-шаралардың ажырамас бөлігіне айналып, әлем жұртшылығын қазақтың бай музыкалық мұрасымен таныстырып келеді.
Өткен жылы көрнекті күйші, дирижер және композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің көрмесі ұйымдастырылып, «Отырар сазы» оркестрінің үлкен концерті өтті.
ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Найеф әл-Файездің айтуынша, домбыра күйі – халықтың тарихын, ұлттық болмысын және рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жалғайтын бірегей дәстүр. Ол ЮНЕСКО Қазақстанның осы баға жетпес мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы күш-жігерін жоғары бағалайтынын жеткізді.



