banner
Жаңалықтар

Ұлытауда объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру тәртібі түсіндірілді

2026 жылғы 30 шілдеде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Техникалық нормалау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Шайхин Руслан Амиржановичтің қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2026 жылғы 10 қаңтардағы бұйрығына сәйкес Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Техникалық нормалау бөлімінің құрылғаны және оның негізгі қызметі таныстырылды.

Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңы мен Құрылыс кодексіне сәйкес адамдар жаппай жиналатын объектілерді және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды қабылдау және пайдалануға беру алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу міндетті.

Қорытынды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №359 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес беріледі. Ол үшін өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жолданады.

Сондай-ақ құжаттар толық ұсынылған жағдайда объектіде өрт-техникалық тексеру жүргізілетіні, ал оң шешім қабылданған кезде қорытынды электрондық түрде рәсімделетіні атап өтілді.

Брифинг барысында қолданыстағы объектілерде кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау немесе күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жағдайда да объектіні қайта пайдалануға беру алдында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті екені түсіндірілді.

Спикер құрылыс салушылар мен меншік иелерін заңнама талаптарын сақтауға және мемлекеттік қызметтерді белгіленген тәртіппен уақытылы алуға шақырды.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button