Қостанай облысында еліміздің ең ірі аграрлық іс-шараларының бірі – «Қостанай дала фестивалі – 2026» өтіп жатыр

Қостанай облысында еліміздің ең ірі аграрлық іс-шараларының бірі – «Qostanai Dala Festivali – 2026» өтіп жатыр
2026 жылғы 30 шілде мен 1 тамыз аралығында Қостанай облысында еліміздің барлық өңірлерінен және шетелден 3 мыңнан астам қатысушыны біріктірген Қазақстанның ірі аграрлық іс-шараларының бірі – «Қостанай дала фестивалі – 2026» өтіп жатыр. Фестиваль агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерін көрсету, заманауи технологияларды таныстыру, озық тәжірибе алмасу, саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін ауқымды алаңға айналды.
31 шілдеде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен «Jańa Dala / Green Day – 2026» қазақстандық дала күні» демонстрациясының ресми ашылуы өтті.
Салтанатты рәсім барысында басшылар ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан агроөнеркәсіптік кешеннің үздік қызметкерлері мен кәсіпорындарына мемлекеттік және ведомстволық наградалар, сондай-ақ жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға сертификаттар табыстады.
Қатысушылардың ерекше назарын «Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС дайындаған ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық жетістіктері бар демонстрациялық алқаптар аударды. Мұнда отандық және шетелдік селекцияның перспективалы сорттары, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің заманауи технологиялары және аграрлық өндіріске арналған инновациялық әзірлемелер ұсынылған.
Фестивальдің ажырамас бөлігі заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен ауыл шаруашылығы жануарларының ауқымды көрмесі болды, онда жетекші отандық және шетелдік компаниялар агроөнеркәсіптік кешен үшін соңғы әзірлемелер мен инновациялық шешімдерді көрсетті.
Фестиваль аясында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылау, саланы жетілдіру және озық тәжірибе алмасу үшін ветеринариялық қызметтің, ғылыми қоғамдастықтың және салалық ұйымдардың өкілдерін біріктірген “Қазақстан Республикасының ветеринариялық қауіпсіздігінің қазіргі заманғы сын-қатерлері мен дамуы” тақырыбында Қазақстанның солтүстік облыстары ветеринариялық мамандарының ІІ республикалық слеті өтуде.
1 тамызда «Қостанай дала фестивалі – 2026» жұмысы жалғасады. Қатысушылар мен қонақтар үшін далалық жағдайда заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының демонстрациялық көрсетілімдері, инновациялық технологиялардың тұсаукесерлері, көрме экспозициялары, іскерлік кездесулер және басқа да тақырыптық іс-шаралардан тұратын мазмұнды бағдарлама дайындалған. Фестиваль Қазақстан мен шет елдердің агроөнеркәсіптік кешені өкілдері арасында тәжірибе алмасу, озық шешімдерді таныстыру және іскерлік байланыстарды нығайту үшін ашық алаң болып қала береді.
«Қостанай дала фестивалі – 2026» фестивалінің өткізілуі Қостанай облысының еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі мәртебесін тағы да растайды, заманауи технологияларды енгізуге, отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.



