banner
Жаңалықтар
Trending

Алғашқы жартыжылдықта Түркияға 25,8 миллион саяхатшы келді

Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой 31 шілдеде Ыстанбұлда өткен баспасөз мәслихатында елдің алғашқы жартыжылдықтағы туризм нәтижелерін жариялады. 2026 жылдың алғашқы 6 айында Түркия 25,8 миллион шетелдік туристі қабылдады. Осылайша, елдің туризмнен түскен табысы өткен жылғы деңгейде сақталып, 25,8 миллиард АҚШ долларын құрады.

Министр Эрсой өз сөзінде Таяу Шығыстағы аймақтық шиеленістер мен жаһандық белгісіздіктер жылдың алғашқы жартысында саяхатқа деген сұранысқа белгілі бір дәрежеде әсер еткенін атап өтті.

«Сәуір айында 4,3 миллион, мамырда 5,7 миллион, ал маусым айында 6,5 миллион саяхатшы келді. Алғашқы алты айдың жалпы қорытындысына сүйенсек, 2025 жылы 26 миллион 389 мың шетелдік туристі қабылданған еді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 25 миллион 759 мың саяхатшыны құрап, 2,4 пайыздық сәл төмендеуді көрсетті. Біз бұл жылдың ең күрделі тоқсанын артта қалдырдық деп есептейміз.

Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігінің (TGA) қарқынды жарнамалық және PR жұмыстарының арқасында үшінші тоқсаннан бастап қайта оң динамикаға көшеміз деп болжаймыз, әрі бұл үрдіс шілде айынан бастап байқала бастады. Шілде айының нақты статистикасын Түркия Статистика институты (TÜİK) тамыздың аяғында жариялағанымен, шекаралық бақылау өткізу пункттерінен алынған мәліметтерге қарап, шілдеде Түркияға келетін шетелдік туристер санының қайта өскенін көріп отырмыз», — деді Мехмет Нури Эрсой.

Статистикаға сәйкес, Түркиядағы саяхатшылардың орташа түнеу ұзақтығы 0,5 пайызға артып, 10,01 түнді құрады. Ал бір түнге жұмсалатын орташа шығын 2,6 пайызға өсіп, 109 АҚШ долларына жетті.

Түркияға туристер ең көп келетін басты үш мемлекет бұрынғы орнын сақтап қалды. Алдыңғы қатарда Ресей Федерациясы (2,65 миллион), Германия (2,44 миллион) және Ұлыбритания (1,58 миллион) тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button