(Қазақша) ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАС ТЕННИСШІ АҚШ-ТА ЖАҢА БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРУДА

Қызылордалық жас теннисші Ерасыл Ерділда халықаралық аренада Қазақстанның көк туын абыроймен желбіретіп келеді. Бала жастан тенниске ынталанған ол жасөспірімдер арасындағы республикалық және халықаралық ITF Juniors турнирлерінде жоғары нәтижелер көрсетіп, әлемдік рейтингте үздіктер қатарына көтерілді.
АҚШ-тағы табысты маусым
Бүгінде Ерасыл АҚШ-тағы Georgia Gwinnett College ерлер командасы құрамында білім мен спортты қатар алып жүр. 2026 жылғы маусымда ол жекелей сында 17 рет жеңіске жетіп, небәрі 2 рет қана есе жіберді. Оның үстіне маусымды қатарынан 13 жеңіспен аяқтады.
Ең басты жетістігі – 2026 жылғы NAIA ұлттық чемпионатында орнады. Финалда Georgia Gwinnett College Tennessee Wesleyan University ұжымын басып озса, шешуші кездесуде Ерасыл қарсыласын 6:1, 6:3 есебімен ұтып, командасына чемпиондық атақ алып берді.
Үздіктер қатарында
Жоғары көрсеткіштері үшін Ерасыл Ерділда NAIA All-America First Team құрамына енді. Бұл – оның АҚШ-тағы колледждік теннис деңгейіндегі шеберлігінің анық дәлелі.
Алыста жүрсе де ел намысын биік ұстаған жас спортшының бұл жетістігі – табанды еңбектің жемісі әрі өңір жастары үшін үлкен мотивация. Алдағы мақсат – халықаралық аренада жаңа белестерді бағындыру.



