banner
Новости

(Қазақша) 116 ЖАСТАҒЫ АБЫЗ АНА ДАУЫС БЕРДІ

Ғасырдан аса ғұмыр кешкен Түймегүл Темірбаева Құрылтай сайлауына қатысып, өз дауысын берді. Ол – Ұлытау облысы, Қызылжар ауылының тұрғыны. Қазақстандағы ең жасы үлкен азамат. 1910 жылы дүниеге келген кейуана биыл 116 жасқа толды.

 

Түймегүл Темірбаева елдегі маңызды қоғамдық-саяси науқаннан шет қалмай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі – ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Ел азаматтары үшін үлгі боларлық іс.

 

Түймегүл әже өмірінің басым бөлігін отбасына және еңбекке арнаған. Жұбайы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы бағып, адал еңбектің нанын жеген. Қазір ол 15 немере мен 25 шөберенің ардақты әжесі.

 

Кейуананың айтуынша, ұзақ жасаудың сыры – адал еңбек, жақсы ниет және жақын адамдарға деген сүйіспеншілікте. Бұған дейінгі сұхбаттарында Түймегүл әже әлі де үй шаруасына араласып, құрт жайып, қолынан келген тірлігін жасап жүретінін айтқан. Дауыс беру сәтінде ақ жаулықты әже елге деген ізгі тілегін білдіріп, ұрпағының амандығын, елдің тыныштығын, Қазақстанның болашағының жарқын болуын тіледі.

 

«Ұрпағымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын. Елдің болашағы жақсы болсын», – деген мазмұнда ақ тілегін білдірді.

 

Түймегүл әженің бұл таңдауы – бір ғана дауыс емес, бір ғасырдан астам тарихты көрген ұрпақ өкілінің ел ертеңіне деген ақ батасындай әсер қалдырды.

 

Айта кетейік, Түймегүл Темірбаева бұған дейін де қоғамдық маңызы бар науқандарға қатысып, 2026 жылғы республикалық референдум кезінде арнайы жылжымалы дауыс беру жәшігі арқылы өз таңдауын жасаған болатын.

 

116 жастағы ақ жаулықты ананың таңдауы – «ел болашағы бәрімізге ортақ» деген қарапайым да салмақты ойдың символына айналғандай.

Басқа жаңалықтар

Back to top button