(Қазақша) БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Бүгін «Өнер орталығында» «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты облыстық педагогикалық тамыз конференциясы өтті.
Алқалы жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты.
Тамыз конференциясында аймақтың білім беру саласындағы жетістіктер мен маңызды бастамалар жан-жақты талқыланды.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында алдағы даму бағытын белгілеу өте маңызды. Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп атап өтті. Басымдықтардың қатарында кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру, аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу, балаларды қорғау және олардың тәрбиесіне мән беру секілді негізгі бес бағыт айқындалды.
Президентіміз өз сөзінде Қызылорда облысының мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Түлектеріміз үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орында. Бұл ең алдымен ұстаздардың табанды еңбегі мен мемлекет қолдауының нәтижесі деп білемін.
Облыстың 967 түлегі «Алтын белгі», 1124 түлегі «Үздік аттестат» иегері атанды. Білім алушылардың жетістіктерін мониторингтеу нәтижесінде оқушыларымыз 4-сыныптар арасында республика бойынша үшінші, 9-сыныптар арасында екінші орынға ие болды.
Бұл – жақсы нәтиже. Бірақ осы жетістіктермен шектелуге болмайды.
Президентіміз ауыл мектептерін дамыту және білім сапасы төмен аймақтарға нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Осы ретте қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқартып, әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Сонымен бірге, халықаралық және республикалық олимпиадаларға, ғылыми жобалар мен зияткерлік жарыстарға қатысатын дарынды оқушыларды қолдау жүйесін күшейтуіміз керек.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы». Осы жауапты жолда Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы баршаңызға тың бастамалар мен жарқын жеңістер әкелсін!» – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі жауапты тұлғаларға жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуде педагогтердің цифрлық құзыретін арттыруды, оқу процесінде тиімді әрі қауіпсіз пайдаланудың озық тәжірибелерін енгізуді тапсырды.
«Адал азамат», «Заң мен тәртіп», Конституциялық құндылықтар тәрбие жұмысының негізгі өзегіне айналуы керек. Бұл міндетті тек мектепке жүктеп қоюға болмайды. Мемлекет, мектеп, ата-ана және қоғам бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтиже шығады.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы педагогтердің біліктілігін арттыруды, жас мұғалімдерді қолдау және тәлімгерлік институтын күшейтуді, балалардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, әлеуметтік осал топтағы балаларға көмек көрсетуді, қосымша білім беру ұйымдарының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, балалардың бос уақытын ұйымдастыруды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуды тапсырды.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, №10 Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Нағиша Есбосын, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Астана қаласында өткен тамыз кеңесінде Жалағаш ауданы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған болатын.
Ал «Орта білім беретін үздік ұйым» аталымы бойынша берілетін 34 млн теңге грантқа Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің № 286 мектеп-лицейі лайық деп танылды.
Бүгінгі басқосуда білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, «Орта білім беру ісiнiң үздiгi» құрмет дипломы, Құрмет грамотасы, министрдің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



