(Қазақша) 3 ҚЫРКҮЙЕК – ҚАЗАҚЫ ТАЗЫ КҮНІ

Бүгін Қазақстанда Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтуде. Бұл мерекелік дата 2026 жылы еліміздің мерекелік күндер тізбесіне ресми түрде енгізілді. 3 қыркүйектің таңдалуы да ерекше мәнге ие: дәл осы күні 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала ресми түрде танып, 372 стандартын бекітті және Қазақстанды тұқымның шыққан елі ретінде белгіледі.
Қазақы тазы – халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігімен, Ұлы дала мәдениетімен және дәстүрлі аңшылық өнерімен біте қайнасқан ұлттық мұра. FCI-дің ресми стандартында да тазы қазақ халқының «Жеті қазынасының» бірі, адамның сенімді серігі ретінде сипатталған.
Бүгінде ұлттық тұқымды сақтау мен дамыту жүйелі сипатқа ие. Қазақстан кинологтар Одағының асыл тұқымдық жүйесінде 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. Сонымен қатар өңірлерде тұқымды анықтау, сұрыптау, құжаттандыру, денсаулығы мен тұқымдық қасиеттерін сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Қазақы тазы халықаралық деңгейде де кеңінен танылып келеді. 2026 жылы Болоньяда өткен World Dog Show дүниежүзілік көрмесінде қазақы тазы өкілдері жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпиондары атақтарына ие болды. Бұл – ұлттық тұқымның халықаралық беделін арттырып, Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытуға мүмкіндік беретін маңызды жетістік.
Қазақы тазыны дәріптеу – оның атауын ғана насихаттау емес. Ең бастысы – тұқымның гендік қорын сақтау, сауатты асылдандыру жұмыстарын жүргізу, денсаулығы мен табиғи қасиеттеріне жауапкершілікпен қарау және оны келер ұрпаққа аман жеткізу. Ұлттық мұраға құрмет – оған деген жауапкершіліктен басталады.
Қазақы тазы – Ұлы даланың рухын, халқымыздың табиғатпен үндестігін және ғасырлардан жалғасқан ұлттық дәстүрді бойына сіңірген асыл мұра. Оны сақтау және әлемге таныту – ортақ міндет.
#kazakhtazy
#ТазыКүні
#TazyDay



