Өскеменнен 20 сарбаз елордадағы әскери бөлімге аттанды

Өскеменде күзгі мерзімді әскери қызметке шақырылған алғашқы жастарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Қаладағы жиын пунктінен 20 жас азамат Астана қаласындағы 5573 әскери бөліміне аттанды.
Болашақ сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі облыс орталығындағы Халық Қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған монумент алдында өтті.
Іс-шараға шақырылушылардың ата-аналары, әскери қызметшілер, ардагерлер және әскери басқару органдарының өкілдері қатысты.
Ата-аналар алдында алғашқы болып сөз алған Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Жасұлан Найманов жас сарбаздарға ақ жол тілеп, Отан алдындағы әскери борышты абыроймен өтеудің маңыздылығына тоқталды. Ол жастарды әскери антқа адал болып, жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға шақырды.
Өз кезегінде Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Фархат Увазыров жас буынға ақжолтай тілегін жеткізді.
«Біз кезінде ел алдындағы өз әскери міндетімізді толық өткеріп, зейнетке шықтық. Ендігі елдің тыныштығын қорғау сендерге жүктеліп отыр. Ендеше осынау борыштарыңды абыроймен атқарып, ата-аналарың сендер үшін жерге қарамайтындай дәрежеде елге аман-есен оралыңдар», – деді ардагер.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы штабының ұйымдастыру-жұмылдыру және жасақтау бөлімінің аға офицері (шақырылушыларды іріктеу және зерделеу жөніндегі) лейтенант Арман Жөргекбаевтың айтуынша, биылғы күзгі шақырылымда Шығыс Қазақстаннан 200-ден астам жасты Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей және Курчатов қалаларындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне әскерге жіберу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Өскеменнен аттанған 20 сарбаз елордадағы 5573 әскери бөлімінің сапын толықтырып, ішкі істер органдарымен бірлесіп, қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын болады.
ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



