Новости

(Қазақша) Бейбіт атом: қауіпсіздік, тәжірибе және перспективалар

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Қазақстан Республикасы атом өнеркәсібінің дамуының жаңа кезеңіне ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша жинақтаған көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып қадам басуда. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин сұхбатында айтты.

 

– Ғұмар Екпінұлы, Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары қандай?

 

– 2026 жылғы сәуірде Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясы бекітілді. Бұл – осы саладағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, тәсілдері мен басым бағыттарын айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат. Стратегия жаһандық үрдістер мен ішкі міндеттерді ескере отырып әзірленген және ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұрақты экономикалық өсуді қолдауға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға бағытталған.

 

Құжатта атом энергетикасын, атом өнеркәсібін, ядролық ғылым мен технологияларды, радиоактивті қалдықтарды басқару жүйесін, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, өндірісті оқшаулауды және кадрлар даярлауды кешенді дамыту көзделген.

 

Біз бұл стратегияны энергетика, өнеркәсіп, ғылым, білім беру және жоғары технологиялық өндірістерді біріктіретін заманауи ұлттық ядролық кластерді қалыптастырудың негізі ретінде қарастырамыз.

 

– Бүгінде атом саласын дамытудағы негізгі басымдық қандай деп ойлайсыз?

 

– Сөзсіз басымдық – ядролық және радиациялық қауіпсіздік. Мемлекеттік реттеу жүйесі қауіпсіздік атом энергетикасы немесе өнеркәсіп нысандарын жобалау мен салудан бастап, оларды пайдалану және кейін пайдаланудан шығару кезеңіне дейінгі барлық сатыларда қамтамасыз етілетіндей етіп құрылған.

 

Бұл жүйенің негізінде үш негізгі тетік жатыр: міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілеу, лицензиялау және мемлекеттік бақылау мен қадағалау.

 

Ең алдымен мемлекет ядролық және радиациялық қауіпсіздікке қатысты міндетті нормалар мен талаптарды белгілейді. Олар ядролық қондырғыларды қауіпсіз жобалау, салу және пайдалану, ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, иондаушы сәуле шығару көздерімен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу шарттарын айқындайды.

 

Келесі маңызды элемент – атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау. Тиісті қызмет басталғанға дейін реттеуші орган ұйымның белгіленген қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге қабілеттілігін бағалайды. Бұл ретте білікті мамандардың, қажетті жабдықтардың, бақылау жүйелерінің, ұйымдастырушылық және техникалық қауіпсіздік шараларының болуы қарастырылады.

 

Лицензия алу мемлекеттік бақылаудың тоқтатылатынын білдірмейді. Мәселен, атом генерациясы нысанын пайдалану барысында тексерулер және заңнамада көзделген бақылаудың басқа да нысандары жүргізіледі. Белгіленген нормалар мен лицензия шарттарының сақталуы, радиациялық қауіпсіздіктің жай-күйі, ядролық және радиоактивті материалдармен жұмыс істеу талаптарының орындалуы, сондай-ақ персонал мен халықты қорғау шаралары бағаланады.

 

Авариялардың алдын алуға және ықтимал қауіптерге жедел ден қоюға дайындыққа да ерекше назар аударылады. Ядролық қондырғыларда техникалық және ұйымдастырушылық қауіпсіздік шараларының бірнеше дәйекті деңгейін қамтитын терең эшелонды қорғау қағидаты қолданылады.

 

– Қазақстан Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін бірегей тәжірибе жинақтады…

 

– 1991 жылғы 29 тамызда Республика Президентінің Жарлығымен полигон ресми түрде жабылды. 1992 жылы Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Оның негізгі міндеттері сынақ инфрақұрылымын жою, аумақтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенді бейбіт ғылыми салаға айналдыру болды.

 

14 жыл ішінде Ұлттық ядролық орталықтың мамандары әлемдік тәжірибеде алғаш рет полигонның бүкіл аумағына кешенді радиоэкологиялық зерттеу жүргізді. Миллиондаған радиометриялық өлшеу жасалып, топырақ, су және ауа сынамаларының ондаған мыңы алынып, талданды.

 

Нәтижесінде бұрынғы полигон аумағы екі негізгі санатқа бөлінді. Біріншісі – полигон аумағының 54,5 пайызын құрайтын қауіпсіз жерлер. Мұндағы радиациялық көрсеткіштер норма шегінде және бұл учаскелерді босалқы жерлер құрамынан шығарып, кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға енгізу ұсынылды.

 

Екінші санатқа радиациялық қауіпті жерлер жатады. Олар аумақтың 45,5 пайызын құрайды. Мұнда әлі де жергілікті ластану учаскелері бар, сондықтан оларға мемлекеттік бақылаудың ерекше режимі қажет.

 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Дегелең» алаңындағы 181 сынақ штольнясы толық жойылып, сенімді түрде консервацияланды. «Балапан» алаңындағы 13 ұңғыма маңындағы құрылыс нысаны жойылды. Бұл нысандарға рұқсатсыз кірудің алдын алу үшін қатаң режимдік бақылау қамтамасыз етілді.

 

Өз кезегінде радиациялық қауіпті жерлер 2023 жылы арнайы қабылданған заңға сәйкес шаруашылық қызметті жүргізуге жол бермейтін ерекше құқықтық режимі бар Семей ядролық қауіпсіздік аймағы ретінде бөлінді.

 

Бұрынғы полигонның қауіпсіз учаскелеріне қатысты айтар болсақ, 2026 жылғы 11 сәуірдегі Үкіметтің №258 қаулысына сәйкес оларды Абай, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы және өзге де шаруашылық айналымға енгізу үшін беру көзделген.

 

– Енді ядролық физиктер қаласы – Курчатовқа кеңірек тоқталсақ. Бүгінде ол Қазақстанның атом ғылымын дамытуда қандай рөл атқарады?

 

– Курчатов – Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі ғылыми орталықтарының бірі. Ұлттық ядролық орталық базасында ядролық физика, реакторлық технологиялар, материалтану, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, радиоэкология және термоядролық зерттеулер бағытында жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беретін бірегей зерттеу және эксперименттік инфрақұрылым сақталып, одан әрі дамытылды.

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген 2026–2035 жылдарға арналған ғылымды қажет ететін аумақтарды құру және дамыту тұжырымдамасына сәйкес Курчатовта алғашқы ғылым қалашығын құру жоспарланып отырғаны да кездейсоқ емес.

 

Ядролық орталықтың негізгі ғылыми-зерттеу қондырғыларының қатарында ИГР және ИВГ.1М реакторлары бар. Олардың негізгі мақсаты – ғылыми эксперименттер мен зерттеулер жүргізу, конструкциялық материалдарды сынау, реактор қондырғыларының түрлі жұмыс режимдерін зерттеу және ядролық технологияларды дамыту мен қауіпсіздігін арттыру үшін қажетті эксперименттік деректер алу.

 

ИГР реакторында жылдам жүретін процестер, АЭС отынының және жоғары жылу мен радиациялық жүктемелер жағдайындағы конструкциялық материалдардың мінез-құлқы зерттеледі. ИВГ.1М жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар саласындағы зерттеулерге, сондай-ақ олардың түрлі жұмыс режимдеріндегі жағдайын зерделеуге пайдаланылады.

 

Осылайша, Курчатов қаласының Қазақстанның атом ғылымының жүйе құраушы орталықтарының біріне айналуына барлық алғышарт бар. Мұнда ғылыми мектептер қалыптасқан, бірегей эксперименттік база бар, көпжылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді.

 

Бұл инфрақұрылымның тек қазіргі міндеттерді шешіп қана қоймай, болашаққа бағытталғаны маңызды. Яғни жас ғалымдар мен инженерлерді тарту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, іргелі зерттеулер мен эксперименттерден бастап технологияларды әзірлеу және оларды іс жүзінде қолдануға дейінгі толық циклді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау қажет.

 

– Қазақстанның атом энергетикасы мен атом өнеркәсібіне жалпы тоқталсақ, олар қазір қандай кезеңде және олардың дамуы немен сипатталады?

 

– Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан атом энергетикасын тек электр энергиясының көзі ретінде ғана емес, өнеркәсіптік, ғылыми-технологиялық және кадрлық дамудың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Сондықтан атом электр станциясының құрылысын жоғары технологиялық ілеспе өндірістерді одан әрі қалыптастыру жолындағы қадам ретінде де қарастырған жөн.

 

2024 жылдың соңында Алматы облысының Жамбыл ауданы «Балқаш» АЭС-ін орналастыру ауданы ретінде айқындалды. 2025 жылғы тамызда оңтайлы алаңды таңдау бойынша іздестіру жұмыстары басталды. 2026 жылғы мамырда атом энергетикасы жобасын іске асыру үшін қажетті үкіметаралық шарттық-құқықтық және қаржылық негіз қалыптастырылды.

 

Жалпы белгіленген қуаты шамамен 2400 МВт болатын III+ буынның екі энергоблогын салу көзделген.

 

Қазіргі кезеңде негізгі назар АЭС-ке қатысты практикалық мәселелерге: қажетті ядролық инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар даярлауға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, отандық өнеркәсіпті дамытуға және ұлттық ғылыми-техникалық құзыреттерді қалыптастыруға аударылуда.

 

Сонымен қатар Қазақстанның жоспарлары бір ғана атом электр станциясымен шектелмейтінін атап өткен жөн. Атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясында атом генерациясының жаңа қуаттарын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Яғни толыққанды ұлттық атом саласы мен ядролық кластерді жүйелі түрде қалыптастыру туралы сөз болып отыр.

 

– Бұл міндетті шешу көбіне атом саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да байланысты. Сіздің ойыңызша, бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асуда?

 

– Қазақстан Халықаралық атом энергиясы агенттігі – МАГАТЭ-мен, сондай-ақ шетелдік мемлекеттермен, ғылыми ұйымдармен және компаниялармен ядролық және радиациялық қауіпсіздік, кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер және атом энергетикасын дамыту мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық орнатқан.

 

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанада МАГАТЭ-нің үш семинары ұйымдастырылып, өткізілді. МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссидің сапары өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен агенттік арасындағы ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылды.

 

Біздің еліміздің Жапониямен де көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесі бар. Жапон ұйымдары Ұлттық ядролық орталықпен және Қазақстанның Ядролық физика институтымен ғылыми-техникалық бағытта өзара іс-қимыл жасайды. Ал жапон компаниялары уран саласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен бірлескен жобаларға қатысады.

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға сапары аясында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ғылыми зерттеулер және технологиялық даму салаларындағы іскерлік өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған құжаттар топтамасына қол қойылды.

 

Ұлттық ядролық-энергетикалық бағдарламаның кеңеюіне қарай Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, озық технологиялар мен тәжірибені, ең алдымен, ядролық қауіпсіздік, ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау салаларында тартуға мүдделі.

 

Мемлекетіміздің басты міндеті – қауіпсіздік талаптары нақты белгіленген, қызметке рұқсат тек дайындық деңгейі бағаланғаннан кейін берілетін және талаптардың сақталуы тұрақты мемлекеттік бақылауда болатын жүйені қалыптастыру.

 

Мұндай жүйелі тәсіл Қазақстанда бейбіт атомды дәйекті түрде дамытуға және ұлттық ядролық кластерді қалыптастыруға негіз қалайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button