Новости

(Қазақша) ШҚО спортшылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бес алтын медаль жеңіп алды

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша шығысқазақстандықтар бес алтын және бір қола медаль иеленді.

Бұл нәтиже өңір спортшыларының ұлттық және дәстүрлі спорт түрлеріндегі жоғары деңгейін көрсетті. Жарыс барысында олар шеберлік пен табандылық танытып, Қазақстан құрамасының қоржынына маңызды жүлделер қосты.

Әсіресе дәстүрлі садақ атудан және арқан тартудан өнер көрсеткен спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Аяш Қабдоллаева 60 метр қашықтықтағы «Пута» санатында жеңімпаз атанды. Шығыс Қазақстан құрамасы арқан тартудан 8х8 және 4х4 құрамдарында алтын медаль жеңіп алса, Мейір Рахметқалиев 1х1 жеке сайысында бірінші орынға ие болды. Ал Вадим Макарцов стронгмен жарысында үшінші орын алды.

Жарыстағы әрбір жүлде спортшылардың ұзақ уақыт бойғы дайындығы мен жарысқа жауапкершілікпен қарауының нәтижесі болды. Әсіресе ұлттық спорт түрлерінен көрсетілген жоғары көрсеткіштер өңірдегі осы бағыттың дамып келе жатқанын аңғартады.

Бүгін облыс әкімдігінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов спортшылар және олардың жаттықтырушыларымен кездесіп, жоғары нәтижелерімен құттықтады. Аймақ басшысы спортшыларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.

Кездесу барысында спортшылардың жетістіктері аталып, олардың халықаралық додада өңір мен ел намысын қорғаудағы еңбегіне жоғары баға берілді. Жаттықтырушылардың да спортшыларды дайындауға қосқан үлесі атап өтілді.

«Сіздер Шығыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл еліміздің намысын абыроймен қорғадыңыздар. Әр медальдің артында зор еңбек, күнделікті жаттығу, табандылық пен өз күшіне деген сенім тұр. Спортшыларымыздың ұлттық спорт түрлерінен де жоғары нәтиже көрсетіп, дәстүрімізді дәріптеп, оны халықаралық деңгейде танытып жүргені қуантады. Осы жетістіктеріңіз үшін және өңіріміздің абыройын асқақтатып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Кездесу барысында спортшылар жарыстан алған әсерлерімен бөлісіп, дайындық барысы мен Ойындардағы ерекше атмосфера туралы айтып берді. Олардың көбісі үшін мұндай халықаралық додаға қатысу тек спорттық сынақ қана емес, туған өлкенің мәдениеті мен дәстүрін таныстыруға берілген мүмкіндік болды.

Спортшылар өз жетістіктерімен қатар, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырудың маңыздылығын да атап өтті. Мұндай халықаралық жарыстар дәстүрлі спорттың кеңінен танылуына және жас спортшылардың осы бағыттарға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан құрамасы сапында дәстүрлі садақ ату, арқан тарту және стронгменнен спортшылар, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары өнер көрсетті. Олардың халықаралық аренада көрсеткен нәтижелері өңір спортшыларының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button