Жаңалықтар

Бір тал темекі тұқылы – үлкен жауапкершілік

Кейде үлкен мәселе кішкентай әрекеттен басталады. Жерге тасталған бір тал темекі тұқылы да осындай қарапайым көрінетін әрекеттердің бірі. Алайда қоғамдық орында жасалған мұндай немқұрайлылық жауапсыз қалмайды.

Тұрғын үй ауласында екі жас жігіт темекі шегіп, артынан темекі тұқылдарын жерге тастаған. Олар бұл әрекеттеріне аса мән бермеген болуы мүмкін. Бірақ ауладағы бейнебақылау камерасы бәрін таспаға түсіріп тұрды.

Жедел басқару орталығының қызметкерлері құқық бұзушылықты байқап, ақпаратты полиция қызметкерлеріне жеткізді. Тәртіп сақшылары тиісті шара қабылдап, екі азаматты полиция бөліміне жеткізді.

Азаматтардың әрекетіне заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріліп, сот шешімімен екі құқық бұзушыға айыппұл салынды.

Бұл оқиға – қоғамдық тәртіптің бүгінгі таңда тек полиция қызметкерлерінің бақылауында ғана емес, заманауи бейнебақылау жүйесінің де назарында екенін көрсетеді. Әсіресе тұрғын үй аулалары – балалар ойнайтын, үлкендер демалатын ортақ орын. Мұндай жерлердің тазалығы мен қауіпсіздігіне әр тұрғын жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Бір қарағанда жерге тасталған темекі тұқылы ұсақ нәрсе сияқты. Бірақ қоғамдық мәдениет дәл осындай ұсақ әрекеттерден қалыптасады. Қоқысты арнайы жәшікке тастау, айналаны ластамау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау – өркениетті қоғамның қарапайым қағидалары.

Екі жас жігіт үшін бұл оқиға айыппұлмен аяқталды. Ал өзгелер үшін бұл жағдай сабақ болуы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button