(Қазақша) Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауын жариялады.

Жолдаудың негізгі тақырыбы — елді дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Президент инфрақұрылымды жаңғыртудың, әлеуметтік нысандар салудың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсартудың және жайлы қалалық орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ өңірлерді дамыту мен отандық бизнесті қолдауға ерекше назар аударылды.
Ұлытау облысы үшін бұл міндеттердің маңызы ерекше. Алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, тұрғындар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және Үкіметтің қолдауымен облыста 30-ға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту басталды. Бұл өңірдің инженерлік жүйелерін жақсартуға, елдімекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға және одан әрі дамуға берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өңірдің дамуында көлік инфрақұрылымы маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы облыстағы төрт теміржол вокзалын, яғни Жезқазған мен Қаражал қалаларындағы, Жаңаарқа ауданындағы және Қызылжар станциясындағы вокзалдарды жаңғыртып, жолаушылар үшін қайта пайдалануға берді.
Жезқазған — Қызылорда және Жезқазған — Арқалық автомобиль жолдарының құрылысын аяқтап, пайдалануға беру өңіріміз үшін үлкен маңызға ие. Бұл бағыттар көлік қатынасын жақсартып, жүк және жолаушылар тасымалына қолайлы жағдай жасайды, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтеді. Жезқазған — Қарағанды автожолының құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың сапалы жүзеге асырылуы облыстың көлік-логистикалық әлеуетін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Медициналық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Ұлытау ауылында ауысымына 100 адам қабылдайтын емханасы бар 20 төсек-орындық ауылдық аурухананың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
«Zhyly Zhurek» қоры осы жылдың шілде айынан бастап ауысымына 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысын қолға алды.
Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананы жаңғырту аясында онкологиялық орталық пен перинаталдық орталық салынады. Жақын уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
«Самұрық-Қазына» АҚ-мен қол жеткізілген келісімдер аясында Жезқазған қаласында балаларға арналған инклюзивті оңалту орталығы мен заманауи инклюзивті спорт кешені салынады.
Облыста спорт, мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа нысандарын салу да жоспарланған. «Qarmet» АҚ Қаражал қаласында балабақша салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Қазақмыс» корпорациясы алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Жезқазған қаласында 800 орындық Конгресс-орталықтың, теннис орталығының және жаңа стадионның құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтар облыстағы алдағы жұмыстың негізгі бағытын белгілейді. Бұл жобаларды іске асыру тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірдің әлеуетін нығайтады.



