(Қазақша) САРТАЙ БАТЫРДЫҢ 315 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР БАСТАЛДЫ

Қызылорда облысының Арал ауданында Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына арналған «Сартай батыр – ел қорғаны» атты мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанаты өтті.
«Руханият» орталығының алдында өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, тарихшылар, мәдениет қайраткерлері, арнайы шақырылған қонақтар мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерейтойдың ашылу рәсімі «Мың ғасырға үлгі болған мың бала» атты пролог-қойылыммен басталды. Тағылымды қойылым арқылы ұлт тарихындағы ерлік пен елдік рух дәріптеліп, жас ұрпаққа бабалар аманатының мәні кеңінен насихатталды.
Салтанатты шарада Сартай батыр Байжанұлының ел азаттығы мен жер тұтастығы жолындағы ерлік жолы ұлықталып, оның тарихи тұлғасы мен өнегелі өмірінің кейінгі ұрпақ үшін маңызы атап өтілді. Батырдың есімін ұлықтау – ұлттық тарихты тану, елдік дәстүрді дәріптеу және отансүйгіштік құндылықтарды нығайтудың жарқын көрінісі екені айтылды.
Ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев құттықтау сөз сөйлеп, батыр баба рухына тағзым етіп, мерейтойға келген барша жұртшылыққа алғыс білдірді.
Мерейтой аясында ғылыми-танымдық, мәдени және спорттық бағыттағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында еркін күрестен республикалық турнир, «Ұлт қаһарманы – Сартай батыр» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция, көрме, «Ерлік дастаны жыр додасында» атты аймақтық жыр фестивалі және мерекелік гала-концерт өтеді. Сонымен қатар ертең ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен ат бәйгесі ұйымдастырылады.
Мерейтойлық шара «Мың бала» әнұранымен түйінделіп, жас ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға, тарихи мұраны қастерлеуге және батырлар рухын ұлықтауға бағытталды.
Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығын атап өту өткенге тағзым етіп қана қоймай, ұлт тарихындағы ерлік дәстүрін жаңғыртып, елдік пен бірліктің қадірін ұрпақ санасына сіңіруге арналған маңызды рухани шара.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі



