ТЕРГЕУШІНІҢ БІР КҮНІ»: ӘР ДӘЛЕЛДІҢ МАҢЫЗЫ БАР – АҚИҚАТТЫ АНЫҚТАУ КӘСІБИ МІНДЕТ

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, тергеуші қызметі асқан жауапкершілікті, мұқияттылықты, табандылық пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Өйткені әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры, әділдік пен ақиқатқа деген сенім тұрады.
Осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Қызылорда облысы Полиция департаменті Арал ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Рауханов Әли Сердалыұлы.
Тергеушінің жұмыс күні күнделікті қызметтік міндеттерді жоспарлаудан және қарауындағы қылмыстық істер бойынша атқарылатын жұмыстарды саралаудан басталады. Әрбір істің мән-жайын жан-жақты зерделеп, дәлелдемелерді жинау, куәлар мен жәбірленушілерден жауап алу, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу – оның күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі. Бұл ретте заң талаптарын қатаң сақтау, әрбір дерекке мұқият қарау және объективті шешім қабылдау ерекше маңызға ие.
Қызметінің әр күні бір-біріне ұқсамайды. Бірде қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін қажетті құжаттар мен дәлелдемелер зерделенсе, енді бірде оқиғаға қатысы бар тұлғалардың жауаптары салыстырылып, істің ақиқатын ашуға бағытталған тергеу амалдары жүргізіледі.
Әли Сердалыұлы болашақ мамандығына қажетті білімді ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында меңгеріп, еңбек жолын Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінде тергеуші қызметінен бастаған. Қалада қызмет атқарған жылдары жинақтаған тәжірибесі оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етті. Бүгінде ол сол тәжірибесін туған жері Арал ауданында қолданып, аудан аумағындағы құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру арқылы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға үлес қосып келеді.
Тергеуші үшін әрбір істің әділ әрі заң аясында шешілуі маңызды. Сондықтан ол өз қызметінде заң талаптарын басшылыққа алып, дәлелдемелердің толықтығы мен нақтылығына мән береді. Себебі тергеу барысында жіберілген әрбір қателіктің салдары адам тағдырына әсер етуі мүмкін. Осыны терең түсінетін маман өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, әділдікті қамтамасыз ету жолында табандылық танытады.
Құқық қорғау саласындағы қызмет сырт көзге байқала бермейтін қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденісті қажет етеді. Тергеушінің бір күні – тек қылмыстық істермен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар заң үстемдігін нығайтуға, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған жауапты қызмет.
«Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанған Әли Сердалыұлы үшін адал қызмет ету, заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау – кәсіби міндетінің негізгі өзегі. Оның күнделікті еңбегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.



