Өскемендегі Ұлттық ұланның үш жүз сарбазға арналған казармасы жаңартылуда

Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде сарбаздарға арналған казармаға ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Төрт қабатты нысанның ішкі инфрақұрылымы толықтай жаңартылып, сарбаздардың тұрмысы мен демалысына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Бүгінде ғимараттың үшінші және төртінші қабаттарындағы ішкі жұмыстар толық аяқталған. Жөндеу барысында инженерлік желілер жаңартылып, ыстық су құбыры қалыпқа келтіріліп, жуыну бөлмелері қайта жабдықталған. Енді әр қабаттан төрт душ кабинасы және екі кір жуғыш машинасы орын тапты. Бұл сарбаздардың жеке гигиенасын сақтап, уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Әскери бөлім командирінің айтуынша, казарманы жаңғырту – жеке құрамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
– Мерзімді әскери қызметшілердің сапалы тынығуы мен тұрмыстық жағдайының талапқа сай болуы олардың қызметті жоғары деңгейде атқаруына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз казарманы жаңарту кезінде әрбір бөлшекке мән беріп отырмыз. Мұнда сарбаздардың демалуына, жеке гигиенасын сақтауына және күнделікті тұрмысына қажетті барлық жағдай қарастырылады. Басты мақсатымыз – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас жауынгерлерге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді әскери бөлім командирі полковник Елтай Рақымжанов.
Президент Жолдауында белгіленген «Халықтық құрылыс» жобасы аясында жүзеге асқан әскери бөлімдегі жаңарту жұмысы екі кезеңді қамтиды. Оның алғашқы кезеңі аяқталған. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары және еден жабындары мен терезелері жаңартылған. Әскери нысанға жиырмадан астам бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Бұл нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, үш жүзден астам сарбазға арналған казармадағы құрылыс жұмыстарын келер жылдың наурыз айында толық аяқтау көзделген. Айта кетейік, жақында Астана қаласы мен Абай, Қостанай, Павлодар облыстарынан жүз елуге жуық жас толым әскери бөлімге шақырылды. Жас сарбаздар қараша айының ортасында әскери ант қабылдайды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



