(Қазақша) Заң мен тәртіп: жастар арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті

М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жастар арасындағы құқық бұзушылықтың және теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында «Діни білім – тәрбие бастауы» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілдері Дербісалин Нұрдәулет пен Мырзаянов Сабыржан қатысып, колледж студенттері мен оқытушыларына діни сауаттылықты арттыру, деструктивті діни ағымдардың ықпалына түспеу және интернет кеңістігіндегі күмәнді ақпараттарды ажырата білу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жастарға әлеуметтік желілер арқылы таралатын теріс діни уағыздардың ықпалы, рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау және діни экстремизм мен терроризм идеологиясын насихаттағаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қоғамдағы діни тұрақтылық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, деструктивті діни ағымдардың зардаптары туралы тақырыптық бейнеролик көрсетілді.
Полиция қызметкерлері мен теолог мамандар студенттердің көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, жастарды теріс діни идеологияның ықпалынан сақтандыру жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы жат ағымдарға тарту, дінді мәжбүрлеу құралы ретінде пайдалану, азаматтарды отбасынан оқшаулау және діни мақсатты желеу етіп алаяқтық жолмен қаражат жинау секілді өмірлік жағдаяттар ұсынылып, олардың алдын алу тетіктері мен құқықтық шешу жолдары талқыланды.
Мұндай профилактикалық кездесулер «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыруға, жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ олардың жат идеологияның ықпалына түсуіне жол бермеуге бағытталған. Өйткені құқықтық сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.



