Новости

(Қазақша) ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА БАСЫМДЫҚ БЕРУ – ҰЛЫТАУ ӨҢІРІНІҢ БОЛАШАҒЫНА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Жаңа Конституция Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап, адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітті. Бұл – елдің болашағы табиғи ресурстармен ғана емес, білімді, білікті және жаңашыл ұрпақтың әлеуетімен өлшенетінін көрсететін маңызды ұстаным.

 

Ата Заңның 3-бабында Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитыны көрсетілген. Ал 33-бапта азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуына кепілдік беріліп, бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті екені бекітілген. Бұл нормалар білім беру саласының қоғам дамуындағы орнын айқындайды.

 

Білімге басымдық беру тек мектеп санын көбейтумен шектелмейді. Ол – сапалы білімге тең қолжетімділік, заманауи оқу ортасын қалыптастыру, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру, балалардың қабілетін дамыту және білім беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізу. Әсіресе өндірістік әлеуеті жоғары Ұлытау облысы үшін техникалық, инженерлік және цифрлық бағыттағы мамандарды даярлау маңызды.

 

Өңірде бұл бағытта бірқатар нақты жобалар қолға алынған. 2026 жылғы 16 қыркүйекте Жезқазған қаласының Батыс ауданында 2000 оқушыға арналған заманауи BINOM мектебінің құрылысы басталды. Жобаны 2027 жылы аяқтап, жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама қаладағы білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге және оқушыларға заманауи білім алу мүмкіндігін ұсынуға бағытталған.

 

Сондай-ақ 2026 жылғы 2 қыркүйекте Жаңаарқа ауданының Манадыр ауылында 80 орындық жаңа мектеп ашылды. Білім ордасында 18 оқу кабинеті, робототехника кабинеті, спорт залы және спорт алаңдары қарастырылған. Мектеп құрылысына мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл жоба ауыл балаларының сапалы білім алуына жағдай жасаудың нақты үлгісі болып отыр.

 

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды бағыт – инновациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізу. 2026 жылғы 7 қарашада Ұлытау облысында 170 жас педагогтің қатысуымен «STEM. AI. Innovation» коннекті өтті. Іс-шара барысында заманауи оқыту әдістері, жасанды интеллект мүмкіндіктері және STEM бағытындағы тәжірибелер талқыланды. Сонымен қатар облыстың білім беру ұйымдарына 100 дана 3D-принтер беру бастамасы көтерілді. Мұндай технологиялар оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

 

Жаңа Конституцияның 32-бабында азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы бекітілсе, 33-бапта білім алу құқығына кепілдік берілген. Бұл екі бағыт өзара тығыз байланысты. Өйткені сапалы білім мен қолжетімді медициналық көмек – адамның толыққанды дамуының, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының және өңірдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі.

 

Ұлытау облысында адам капиталын дамыту мәселесі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, педагогтердің біліктілігін арттыру, балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және заманауи технологияларды енгізу арқылы жүзеге асып келеді. Өңір үшін бұл жұмыстардың маңызы зор: өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына білікті кадрлар қажет.

 

Жаңа Конституция білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық даму бағыты ретінде бекіту арқылы өңірлерге де нақты бағдар береді. Ұлытау облысының болашағы – сапалы білім алған, кәсіби дағдысы қалыптасқан, технологияны меңгерген және туған жерінің дамуына үлес қосуға дайын жас ұрпақтың қолында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button