(Қазақша) САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК – ӘРБІР ТҰРҒЫНҒА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС

Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және медициналық қызметтердің сапасын арттыру – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген негізгі әлеуметтік басымдықтардың бірі.
Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және білікті мамандармен қамтамасыз етуге ерекше мән берді.
Ұлытау облысында бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың тоғыз айында өңірге 63 медициналық маман тартылды. Олардың қатарында бұған дейін өңірде болмаған балалар кардиологиясы, қан тамырлары хирургиясы және интервенциялық әдістерді қолданатын нейрохирургия бағыттарының дәрігерлері бар.
Сонымен қатар, Жезқазған қаласында облыстық көпбейінді ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Батыс ауданда ауысымына 250 адам қабылдайтын жаңа емхана құрылысы қолға алынған. Жоба аясында диагностикалық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана және басқа да медициналық бөлімшелер қарастырылған.
Өңір медицинасы үшін маңызды жобалардың бірі – Жезқазған қаласында жаңа онкологиялық орталық салу. Медициналық кешен 100 төсек-орынға және ауысымына 250 келушіге есептелген. Мұнда заманауи сәулелік терапия жабдықтарын орнату жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың күрделі медициналық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Медициналық инфрақұрылымды жаңарту, дәрігерлерді тарту және заманауи технологияларды енгізу – халық денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі.
Басты мақсат – Жезқазғаннан бастап Қаражал, Сәтбаев және шалғай ауылдарға дейін әрбір тұрғынға сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсету.



