(Қазақша) ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БІЛІМДІ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫ ҚОҒАМНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРЫ

Қазіргі кезеңде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, адами капиталдың сапасымен, ғылыми әлеуетімен және технологиялық даму деңгейімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында білім, ғылым, мәдениет пен инновация құндылықтарына ерекше мән берілуі – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадам.
Жаңа Ата Заңда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Бұл білімді ұрпақ тәрбиелеу, ғылыми ізденістерді қолдау және заманауи технологияларды дамыту мәселелерінің мемлекеттік саясаттағы орнын күшейтеді.
Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары қоғамдық өмірдің барлық саласына еніп келеді. Осыған байланысты жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселесіне де назар аударылған. Бұл – жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпараттық кеңістіктегі азаматтардың мүдделерін қорғау және цифрлық қоғамның құқықтық негізін қалыптастыру үшін маңызды.
Ұлытау облысы үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, өндіріс орындарына заманауи технологияларды енгізу, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту – болашақ дамудың негізгі бағыттары.
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы өндірістік кәсіпорындардан бастап, Қаражал қаласы мен ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға дейін технологиялық жаңғырудың мүмкіндіктері зор. Алайда технологияны енгізумен қатар, оны тиімді қолдана алатын білікті мамандар даярлау да маңызды.
Жаңа Конституцияда білім мен ғылымға басымдық берілуі жас ұрпақтың мүмкіндіктерін кеңейтуге, кәсіби дамуға және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға құқықтық негіз қалыптастырады.
Сондықтан Ата Заңдағы бұл бағытты тек білім беру саласына қатысты норма ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – экономиканың тұрақты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған стратегиялық бағдар.
Білімді, технологияны меңгерген және жауапкершілігі жоғары азаматтар – мемлекеттің ең маңызды капиталы.



