Жаңалықтар

COVID-19 пандемиясы және вирустың адамдардан жануарларға таралуы

2023 жылдың 29 мамырында Елордада «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты Халықаралық форум (бұдан әрі – QazBioPharm) өтуде. Оның мақсаты COVID-19 коронавирус инфекциясы мысалында пандемиялық қатерлерді кешенді еңсеру жөніндегі шаралардың институционалдық жадын сақтау, пандемия кезеңінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттік және өзге де органдар мен ғылыми ұйымдардың тиімді қызметін ынталандыру.

QazBioPharm барысында спикерлер мен қатысушылар Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күрестегі тәжірибесін, биологиялық қауіптердің алдын алу мен болжаудағы тетіктері мен стратегияларын, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін COVID-19-ға қарсы жаңа препараттар мен құралдарды әзірлеу жөніндегі озық технологиялары туралы пікірлерін талқыға салуда. Бағдарламаға орай Вена ветеринарлық медицина университетінің жабайы табиғат экологиясы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Сасан Ферейдоуни «COVID-19 Пандемиясы және вирустың адамдардан жануарларға таралуы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама мақсаты адамдар, жануарлар, өсімдіктер және олардың жалпы тіршілік ету ортасы арасындағы тікелей байланысты көрсету. Баяндамада жабайы жануарлар да жұқпалы аурулардың құрбандары екендігі сөз етіледі. SARS-COV-2 -нің шығу тегі туралы гипотеза беріліп, оның тікелей зоонозбен және зертханамен байланысты екендігіне мысалдар келтірілді. Ғалымның пікірінше, жаһандық өзгерістер зоонозды жұқпалы аурулардың таралуына әсер етеді. Мәселен, жаһандану процесі (халықаралық сауда, сапарлар, жануарлар мен жануарлардан алатын өнімдер саудасы), халық санының өсуі (азық – түлік, ауыл шаруашылығы үшін жерді пайдалану қажеттіліктерінің артуы, мал мен құстың қарқынды өндірісі, энергияны көп мөлшерде тұтыну), урбанизация, климаттың өзгеруі, судың, ауаның ластануы, жабайы табиғаттың тіршілік ету ортасының тарылуы адам, жабайы табиғат және үй жануарлары арасындағы байланыстың кеңеюіне алып келді. Баяндамада Қазақстанда ақбөкендердің жаппай қырылуына байланысты жүргізілген зерттеу жұмысы жайлы айтылады. Сонымен қатар Қазақстанда экотуризм саласын дамыту мәселесі қарастырылған. Баяндама барысында берілген халықаралық экотуризм статистикасына сүйенсек, Қазақстанға жылына келетін экотуристер саны 2 миллионға тең.  АҚШ-та бұл көрсеткіш 200 миллион болса, Финляндияда 2,4 миллион, Аустралияда 60 миллион, Кенияда 1,4 миллион. Жабайы табиғатқа саяхаттауға арналған елдер индексі бойынша Қазақстан 87-орында екен.

«Инфекция тек жануардан адамға ғана емес, адамнан жануарға да жұғады» – деген пікірді ұстанып, баяндамашы үй жануарларына инфекцияның таралуын болдырмайтын әрекеттер тізімін ұсынды. Сонымен қатар «Eurobats» консультативтік комитетіне сілтеме жасай отырып, қазіргі уақытта SARS-COV-2 табиғи түрде адамдардан жарқанаттарға, жарғанат популяцияларында таралатыны туралы ешқандай дәлел жоқ, дегенмен, вирустың адамдардан жабайы табиғатқа таралу қаупі ықтимал екендігін мойындайтынын жеткізді. Баяндаманы қорытындылай келе, «денсаулықты сақтаудың бірыңғай тәсілін қолдану керек. Себебі адамдардың, жануарлардың, бүкіл табиғаттың денсаулығы – бір денсаулық!» – деп Вена ветеринарлық медицина университетінің жабайы табиғат экологиясы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Сасан Ферейдоуни өз сөзін аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button