Қоғам

Президент Жолдауының негізгі бағыттары

Президентіміз Қ-Ж.Тоқаев Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты – саяси-әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстан құру екендігін айта келіп,халқымыздың әл-ауқатын арттыру, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту,кіші және орта бизнесті дамыту,макроэкономиканы тұрақтандыру,жаңа салық саясатын енгізу,автокөліктерді сатып алу жөнінде бірыңғай алым жүйесін енгізу,кеден жұмысына “бір терезе” қағидатын енгізу,сәулет-құрылыс пен кадастр-жер қатынастары саласында бақылауды және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту,игерілмей жатқан жерлерді қайтару мен сумен қамтамасыз ету,білім мен медицина салаларына қажетті қаржы бөле отырып,олардың жұмыстарын жетілдіру,экономикадағы инвестиция жүйесін тәртіпке келтірумен қатар жаңа инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру,заң үстемдігіне талаптарға сай қол жеткізу мақсатында сот пен құқық органдарының жүйелерінде тиісті реформалар жүргізу және басқа да бірқатар өзекті мәселелер бойынша нақты ұсыныстары мен тапсырмаларын бере отырып,оларды орындау бағыттарын айқындап берді.Жолдаудың соңында Президент еліміздің саяси өмірінде бірқатар өзгерістер болатындығын,атап айтқанда осы жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауы болатындығын,оған өзінің қатысуға дайын екендігін мәлімдей келе,келесі жылдың бірінші жартысында барлық деңгейдегі депутаттардың сайлауы өтетіндігін,сегізінші шақырылымдағы жаңадан сайланған Парламентке алдағы уақытта сайланатын Президенттің өкілеттік мерзімін 7 жыл етіп белгілеу және бір реттен артық ешкімнің бұл лауазымға сайлана алмайтындығы жайлы норма енгізу үшін ұсыныс жасайтындығын айтты. “Қазақстанның даму үдерісі енді басталды,сондықтан тек алға жылжуымыз керек,реформаларды жүзеге асыратын болсак, біз әділетті Қазақстанға қол жеткіземіз” деді Президент.

ЖАРЫЛКАСЫНОВ БАЛТАБАЙ,Түркістан облысы Сауран ауданы Ақсақалдар алқасының төрағасы

Еске салайық, бүгін ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауын таныстырды.

Президенттің партияға мүшелігі тоқтатылады

«Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек. Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз», – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы қазір бізде барлығы Президентке келіп тірелетінін, бұл өз кезегінде дұрыс емес екенін, біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет екенін атап өтті.

«Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз», – деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізу ұсынылды.

Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға тыйым салынады

«Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді», – деді Мемлекет басшысы.

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс.

«Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын», – деді Президент.

Парламенттің рөлі күшейтілмек

Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн.

«Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пайымынша, Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек.

«Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», – деді Президент.

Сонымен қатар, Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.

«Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру ұсынылды. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі.

Мәслихат төрағасы лауазымы енгізгіледі

«Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады», – деді Президент.

Сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.

Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру ұсынылды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.

Партиялық жүйені дамыту

Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Мемлекет басшысы тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн болатынын айтты. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

Конституциялық сот құрылады

«Елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі», – деді Президент.

Ұлттық құрылтайдың мақсаты

Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды.

«Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», – деді ол.

Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді.

Жаңа облыстар пайда болады

Бүгінгі жолдауда Семей аймағында Абай облысы құрылатыны белгілі болды. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады.

«Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз», – деді Президент.

Бұдан бөлек, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екені айтылды. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.

Мемлекет басшысы Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды.

«Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын», – деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз.

«Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын», – деді Президент.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button