Ұлытау облысында агроөнеркәсіптік кешеннің экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды

Бүгін Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты аймақтық форум өтті. Іс-шара өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналды.
Форум аясында қонақтар «АгроQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесін тамашалап, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, отандық өнімдер, сондай-ақ өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық жобалармен танысты. Көрмеде ұсынылған технологиялар мен өнімдер қазақстандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған.
Іс-шараға Мәжіліс депутаты, Аграрлық комитет төрағасы Серік Егізбаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма басшысы Жигули Дайрабаев қатысып, саланың экономикалық дамуы, мемлекеттік қолдау шаралары және қаржы тетіктерінің тиімділігі жөнінде пікір білдірді.
Форумға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, аграрлық сектордың өңір экономикасындағы маңызын атап өтті. Ол ауыл шаруашылығының тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала ғана емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық дербестігін нығайтатын, инвестиция тартатын және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын маңызды драйвер екенін айтты.
«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға айрықша мән беріп отыр. Соның нәтижесінде биыл Ұлытау облысына да қомақты мемлекеттік қолдау көрсетілді. Агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлініп, шамамен 780 шаруашылыққа нақты қаржылық көмек көрсетілді. Бұл шаралар фермерлерге техникаларын жаңартуға, жаңа технологияларды енгізуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері 200-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Облыс құрылғаннан бері салаға жалпы көлемі 8,5 млрд теңге инвестиция тартылса, биылдың өзінде 2,5 млрд теңге инвестиция құйылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға өсті. Мұның барлығы өңір экономикасының тұрақты дамуына және ішкі жалпы өнімнің артуына оң әсерін тигізуде», – деді облыс әкімі.
Форум барысында фермерлерді сапалы қаржылық және өндірістік ресурстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, суару жүйелерін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту және саланы цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар мал шаруашылығында өндіріс өнімділігін арттыруға бағытталған қолдан ұрықтандырудың жаңа инновациялық бағдарламасы таныстырылды.
Талқылау қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын көтеру және ішкі нарықпен қатар экспорттық бағытты күшейтуге арналған нақты ұсыныстар әзірленді. Форум фермерлер, инвесторлар және мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты нығайтып, өңір экономикасының қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.



