(Қазақша) «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026»: АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМА

Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 волонтер қатысты.
Акция аясында қатысушылар Президент саябағына тал көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыруға және оның жасыл желегін молайтуға үлес қосты.
Іс-шара табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға, волонтерлерді ортақ игі іске жұмылдыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Экологиялық акциядан кейін слетке қатысушылар Қызылорда қаласының көрікті орындарын аралады.
Атап айтқанда, волонтерлер Ботаникалық бақта болып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларымен танысты және «Қайсар Арена» стадионын тамашалады.
Танымдық экскурсия қатысушыларға Сыр өңірінің табиғи және мәдени мұрасымен танысып, қаланың сәулеттік келбеті мен заманауи инфрақұрылымын көруге мүмкіндік берді.
20 қазан күні халықаралық волонтерлер апталығына қатысушылар Арал ауданына аттанады. Жолай Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне зиярат етіп, рухани мұраға тағзым жасайды. Бұдан кейін Қамыстыбас ауылдық округінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
21 қазанда экология және волонтерлік қызмет бағыттарын қамтитын екі бөлімнен тұратын секциялық жұмыстар ұйымдастырылады. Кездесу барысында тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланады. Бағдарлама аясында Қамбаш тынығу лагерінің аумағына тал көшеттері отырғызылады.
22 қазанда Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары жүргізіледі. Экологиялық акция теңіз табанын көгалдандыруға, табиғи ортаны қалпына келтіруге және қоршаған ортаны қорғау ісіне қоғамдық қолдау көрсетуге бағытталған.
23 қазанда қатысушылар Шижаға ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысу көзделген. Арал қаласында аудандық балықшылар музейіне, Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне және «Руханият орталығына» экскурсиялар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар балық өнімдері, қолөнер бұйымдары мен жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтеді. Халықаралық волонтерлер апталығының қорытынды жиыны «Руханият орталығында» ұйымдастырылып, салтанатты жабылу рәсімі өтеді.
Ауқымды бастама экологиялық жауапкершілікті арттыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Табиғатты қорғауға жұмылған ортақ күш Арал өңірінің экологиялық болашағына үлес қосып, игі істердің маңызын айқындай түседі.



